Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес орта білім беру ұйымдарында міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар бекітілген. Орта білім беру ұйымдарындағы міндетті мектеп формасы білім берудің зайырлы сипатына сәйкес болуы тиіс. Мектеп формасының үлгісі мен түсі классикалық стильде, бірыңғай түстік гаммада сақталады. Үш түстен артық түстерді араластыруға жол берілмейді. Түстер ашық әрі көзге тым түспейтін, сабырлы реңктерден таңдалады. Мектеп формасы білім алушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі. Ол күнделікті, салтанатты және спорттық болып бөлінеді. Ұл балаларға арналған мектеп формасына: пиджак, жилет, шалбар, салтанатты жейде, күнделікті жейде кіреді. Қысқы кезеңде трикотаж жилет пен водолазка киюге болады. Ұл балалардың шалбары еркін пішімді және ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс. Қыз балаларға арналған мектеп формасына: пиджак, жилет, белдемше, шалбар, классикалық үлгідегі блузка кіреді. Қысқы кезеңде трикотаж жилет, сарафан және водолазка киюге болады. Қыз балалардың шалбары еркін пішімді және ұзындығы аяқтың тобығын жауып тұруы тиіс. Салтанатты мектеп формасы ұл балалар үшін күнделікті мектеп формасынан және ақ жейдеден, ал қыз балалар үшін күнделікті формадан және ақ түсті блузкадан тұрады. Спорттық форма ұлдар мен қыздарға ортақ: спорттық костюм (спорттық шалбар, футболка) және спорттық аяқ киім (кроссовка, кеды). Мектеп формасының құрамында негізгі түске сәйкес немесе мектеп формасының түсіне қарама-қарсы түстегі классикалық үлгідегі галстук болуы мүмкін.
Жаңалықтар
Мектеп формасы
Қаралды: 14





